Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда жыл аяғына дейін бес күн электр станциясы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олардың жалпы қуаты 92 МВт-ты құрайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазірдің өзінде үш станция іске қосылған, тағы екеуі Қызылорда облысында жұмысын бастайды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы белгіленген қуаты 3,7 ГВт-қа жеткен, оның ішінде күн электр станцияларының үлесі 1,3 ГВт.
Биылғы тоғыз айда ЖЭК нысандары 7,8 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірген, соның 1,9 млрд кВт/сағаты күн станцияларына тиесілі.
2026 жылы жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жаңартылатын энергия нысанын іске қосу жоспарланған. Қазір қуаты 212 МВт болатын жеті нысан пайдалануға берілді, оның үшеуі – күн электр станциялары: Маңғыстау облысында «Stellar Energy» ЖШС (20 МВт), Қостанай облысында «Altyn Solar Energy» ЖШС (22,6 МВт), Жетісу облысында «Jetisu Terra Power» ЖШС (20 МВт).
Жыл соңына дейін Қызылорда облысында «Альхена» ЖШС-нің жалпы қуаты 30 МВт болатын екі күн электр станциясын іске қосу көзделген.
«Бұдан бөлек, Қазақстанда күн энергетикасы бағытында жалпы қуаты 900 МВт болатын перспективалы жобалар әзірленіп жатыр. Олардың қатарында China Energy компаниясының 300 МВт күн электр станциясын салу жобасы және Tumar Commerce компаниясының жиынтық қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін бастамалары бар», делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Ведомство дерегіне сүйенсек, 2035 жылдың соңына дейін Қазақстанда кемінде 8,4 ГВт жаңа жаңартылатын энергия қуатын іске қосу жоспарланған, оның шамамен 1,8 ГВт-ы күн энергетикасына тиесілі болмақ.
Айта кетейік, қазір «Тараз» индустриялық аймағында қуаты 45 МВт электр станциясы салынып жатыр. Нысанды 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін іске қосу жоспарланған.
Мазмұнға өту
