Жайық news

«Таза Қазақстан»: БҚО-да биыл 5 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды

Сурет: Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл 5 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыста экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акция жалғасуда. Табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, санитариялық тазалықты сақтау және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Акция басталғалы бері өңірде 28 235 құқық бұзушылық анықталған. Оның 5 162-сі биылғы жылдың басынан бері тіркелген.

Орал қаласындағы контейнерлік алаңдардың бірқатары бірыңғай бейнебақылау жүйесіне қосылған. Жыл басынан бері осы жүйе арқылы 40 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Оралда жергілікті атқарушы органдармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген рейдтер барысында 30 стихиялық қоқыс орны анықталып, жойылды.

Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, санитариялық талаптарды сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қажеттілігін түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Полиция қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Көп оқылғандар