Сурет: Egemen Qazaqstan
Талғар қаласында №17 өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Қалада 65 мыңнан астам тұрғын бар. Жаңа ғимарат халықаралық стандарттарға сай жабдықталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Депо аумағында арнайы техникаларға арналған кең көлікжай, жөндеу шеберханалары, оқу сыныптары, спорт залы, демалыс бөлмелері және заманауи радиобайланыс пункті бар. Сондай-ақ өрт сөндірушілерге арналған төрт қызметтік пәтер салынған.
Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық ТЖД бастығы Дәурен Оразбеков, ардагерлер мен тұрғындар қатысты.
«Жаңа нысан – дер кезінде жүзеге асқан маңызды жоба. Бұрынғы ғимарат тозып, заман талабына сай келмейтін. Талғар қаласы қарқынды дамып, халық саны артып келеді. Елді мекендер арасындағы қашықтық пен жол ұзақтығы өрт сөндіру қызметінің жедел әрекет етуіне қиындық туғызатын. Бұл депо өрт сөндірушілердің оқиға орнына жету уақытын қысқартады», – деді министр Шыңғыс Әрінов.
Жоба 100 күнде іске асырылып, құны шамамен 350 миллион теңге болды. Құрылыс республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен ТЖМ бастамасы және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен салынды. Осыған ұқсас деполар Кеген ауданы мен Шыңгелді ауылында ашылған. Алда Шелек ауылында да салынады. Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында жаңа бөлімдер ашу жоспарланған.
Шара барысында Шыңғыс Әрінов құрылысқа үлес қосқандарға ведомстволық марапаттар табыстады. Сондай-ақ «Toyota Hilux» және АЦ-5-40 КамАЗ техникаларының кілттері берілді. Бірқатар өрт сөндірушіге қызметтік пәтер кілттері табысталды. Жаңа депоның кілті аға лейтенант Ришат Рахимовқа берілді.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев депо өрт сөндірушілердің еңбек жағдайын жақсартып, кәсіби шеберлігін шыңдауға көмектесетінін айтты. Ол Төтенше жағдайлар қызметі мемлекеттің берік қалқаны екенін атап өтті. Биыл Нарынқол, Кеген, Жаңалық және Нұра ауылдарында модульдік деполар ашылған.
Жаңа депоның ауданы 1 154 шаршы метр. Ол модульдік технологиямен салынып, кеңейтуге қолайлы. Мұнда заманауи байланыс және диспетчерлік жүйелер, демалыс, киім ауыстыру, оқу-жаттығу бөлмелері бар. Депола 18 қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Олардың қарамағында төрт өрт сөндіру автокөлігі және «Toyota Hilux» бар.
Салтанатты шарада алқызыл лента қиылып, өрт сөндірушілерге бата берілді. Қонақтар жаңа нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты.
Мазмұнға өту
