Сурет: ЖИ арқылы жасалды
Талдықорған қаласында келер жылы «Мизам» креативті кітапхана-дүкені ашылады. Бұл жоба Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасы аясында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімі Ернат Бәзілдің қолдауымен қолға алынған жоба жастардың сұранысынан туындаған. Заманауи үлгідегі кітапхана-дүкен дәстүрлі кітап дүкенінен әлдеқайда кең ұғымды қамтиды: мұнда жастар кітап оқып қана қоймай, әдеби кездесулер, шығармашылық басқосулар, танымдық іс-шаралар мен пікірталастарға қатыса алады. Осылайша «Мизам» ойлы жастардың басын қосатын рухани орталыққа айналмақ.
«Қаланың дамуы тек жаңа ғимараттар мен көрікті көшелермен өлшенбейді. Ең басты байлығымыз – білімді, саналы, ізденімпаз жастар. Біз олардың кітапқа деген қызығушылығын қолдап, рухани дамуына қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. „Мизам“ – жастардың өз сұранысынан туған жоба. Сондықтан бұл бастаманың өміршең боларына сенеміз», дейді қала әкімі Е.Бәзіл.
Жетісу өңірінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы бұған дейін де жүйелі жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен құрылған «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі бүгінде мыңдаған оқушының кітапқа қызығушылығын оятқан тағылымды жобаға айналды. Ауыл мен қаланы аралаған әдебиет мектебі жас оқырмандардың таным көкжиегін кеңейтіп, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға үлес қосты.
Енді осы бастама жаңа сипатта жалғаспақ. Бұған дейін оқырманды іздеп барған «Мизам» енді Талдықорған төрінде тұрақты рухани мекен қалыптастырмақ. Бұл – әдебиет мектебінің аясын кеңейтіп, кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру жолындағы маңызды қадам.
«Қазір жастарға кітап оқитын орын ғана емес, кітап туралы еркін әңгімелесетін, пікір алмасатын орта қажет. Қаламызда осындай кеңістік ашылатыны қуантады. Әлеуметтік желіге телмірген уақыттың бір бөлігін кітапқа арнасақ, ұтарымыз көп. „Мизам“ жастардың сүйікті мекеніне айналады деп сенемін», дейді қала тұрғыны Қайрат Егенберген.
Мазмұнға өту
