Қоғам

Сот «ҚазТАГ» басшылығын кінәлі деп танып, жаза тағайындады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Сот «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты үкім шығарды. Екеуі де түрлі баптар бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сот «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаевты қызметтік міндеттеріне адал қарамау және бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылық туралы заңның қолданылуына байланысты жаза мерзімі 1 жыл 3 айға дейін қысқартылды.

Агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, рақымшылықты ескере отырып 1 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Іс бойынша талап-арызды Freedom Finance компаниясы берген.

Сот үкімімен Әсет Матаев 3 жылға, ал Әмір Қасенов 5 жылға журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Іс бойынша айыпталған Жанна Қапарова да кінәлі деп танылды. Алайда рақымшылыққа байланысты оған тағайындалған жаза мерзімі нөлге дейін қысқартылды.

Бұдан бөлек, сот шешімімен Әсет Матаев, Әмір Қасенов және Жанна Қапаровадан Freedom Finance компаниясының пайдасына 165,4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын өндірілетін болды.

Көп оқылғандар