Әлем

Си Цзиньпин 23-25 қыркүйекте АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады

Сурет: ашық дереккөзден

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Дональд Трамптың шақыруымен 23-25 қыркүйек аралығында АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Го Цзякунь мәлімдеді. Келіссөздер Вашингтон мен Бейжің арасындағы тарифтер, сауда саласындағы уақытша бітім және жасанды интеллект бойынша жаңа диалогты талқылау аясында өтеді.

Bloomberg басылымы Ақ үйде өтетін мемлекеттік кешкі асқа тағы кімдер шақырылатынын хабарлады. Кездесу Вашингтон мен Бейжің арасындағы бір жылдық сауда бітімінің мерзімі аяқталар тұста өтеді.

Президенттер екіжақты қарым-қатынастар, халықаралық қауіпсіздік және экономикалық даму мәселелері бойынша кең ауқымды келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Бейжіңнің мәлімдеуінше, тараптар екі ел арасындағы келіспеушіліктерді реттеу бағытында жұмыс істеуге ниетті.

Го Цзякунь АҚШ пен Қытай көшбасшыларының алты ай ішінде бір-бірінің еліне жасаған өзара сапарларын тарихи маңызы бар оқиға деп атады. Трамп пен Си Цзиньпин соңғы рет мамыр айында кездескен.

Бұл сапар Қытай Халық Республикасының басшысының АҚШ-қа соңғы он жылдағы алғашқы мемлекеттік сапары болмақ. Си Цзиньпин бұған дейін АҚШ-қа мемлекеттік сапармен 2015 жылдың қыркүйегінде сол кездегі президент Барак Обаманың шақыруымен барған.

Алдағы келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі сауда мәселесі болмақ. АҚШ пен Қытай былтыр Оңтүстік Кореяда жасалған уақытша бітімді ұзарту мүмкіндігін, сондай-ақ жекелеген тауарларға салынатын тарифтерді төмендету мәселесін талқылайды. Оның ішінде америкалық энергетикалық ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдері де бар.

Президенттердің кездесуіне дейін екі елдің өкілдері Нью-Йоркте сауда келіссөздерінің кезекті раундын өткізді. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент келіссөздерді өте сәтті өтті деп бағалады.

Оның айтуынша, Вашингтон мен Бейжің жасанды интеллект мәселесі бойынша да диалог бастауды ұйғарған. Тараптар бұл технологияның мүмкіндіктері мен тәуекелдеріне қатысты ортақ көзқарастарын талқыламақ.

Трамп пен Си Цзиньпиннің келіссөздерінде бұдан бөлек Ирандағы жағдай, сирек кездесетін металдарды жеткізу, жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік және Тайвань мәселесі қаралады деп күтілуде.

Қытай Иран мұнайының ең ірі сатып алушысы болып қала береді. Ал Вашингтон Тегеранға экономикалық қысымды күшейтуге тырысып отыр.

Тайвань мәселесі де АҚШ пен Қытай қарым-қатынасындағы ең сезімтал тақырыптардың бірі болып отыр. Бейжің аралды өз аумағының бір бөлігі деп санайды. Ал АҚШ Тайваньның негізгі әскери және саяси серіктесі болып есептеледі.

Сонымен қатар Дональд Трамп Си Цзиньпиннің құрметіне Ақ үйде мемлекеттік кешкі ас ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Bloomberg мәліметінше, кешкі асқа шақырылатын қонақтардың қатарында Apple компаниясының бас директоры Тим Кук пен OpenAI бас директоры Сэм Альтман болуы мүмкін.

Көп оқылғандар