Жайық news

Шетпеде заманауи теміржол вокзалы ашылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін кент тұрғындары мен жолаушылар 1966–1967 жылдары салынған ескі вокзалды пайдаланып келген. Жаңа ғимарат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ магистралдық желі филиалының тапсырысымен реконструкцияланды. Жобаны «ЗапКазПроект» ЖШС жобалап, «Zangar SG» ЖШС бас мердігерлік етті.

Жаңа вокзалдың жалпы ауданы 1090 шаршы метр, сметалық құны 1 009 103 925 теңге. Сондай-ақ ауданы 2 100 шаршы метр болатын жолаушылар перроны салынды. Нысанның өткізу қабілеті тәулігіне 100 жолаушыдан 200 жолаушыға дейін артты.

Ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Маңғыстау магистралдық желі бөлімшесінің басшысы Қ.Жақанов, теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері, аудан тұрғындары қатысты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде теміржол вокзалдарын кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысы да бұл жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Бүгін біз маңызды оқиғаның – жаңа «Шетпе» теміржол вокзалының ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл – Маңғыстау ауданының заманауи көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысан әрі өңірдің өзіндік көлік визит картасына айналады, – деді өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай.

Әкімнің айтуынша, жаңа вокзал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында салынған. Қазіргі уақытта еліміздегі 125 теміржол вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның үшеуі Маңғыстау облысында.

Көп оқылғандар