Сурет: Жоғарғы сот
Сеулде Азия мен Тынық мұхиты елдерінің Жоғарғы соттары төрағаларының XX конференциясы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Форумға әлемнің 40 елінің жоғары сот органдарының басшылары қатысты. Негізгі тақырыптардың бірі – жасанды интеллектіні сот төрелігінде қолдану. Қазақстан өзінің цифрлық шешімдері мен әзірлемелерін ұсынды.
Асламбек Мерғалиев сот жүйесін цифрландыру Президент қойған міндеттер шеңберінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол жаңа технологияларды жауапкершілікпен және қауіпсіз қолдану, адамның айқындаушы рөлін сақтау негізгі қағидат болып қалатынын айтты.
Қазақстанның цифрландыру деңгейі халықаралық бағалаулармен расталады: БҰҰ-ның электрондық үкіметінің жаһандық даму индексінде 24-ші орын, Еуропа Кеңесінің 47 елі арасында CEPEJ рейтингінде 4-ші орын, сондай-ақ Құқық үстемдігі индексінің «Азаматтық сот төрелігі» факторы бойынша өңірде көш бастап тұр.
Қазақстанның IT-шешімдері – аумақтан тыс соттылық, «Судьяның цифрлық көмекшісі» және жасанды интеллект алгоритмдері қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Конференцияда судьялардың тәуелсіздігі, олардың жұмыс жағдайлары, сот кадрларын іріктеу стандарттары мен дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша делегация басшылары сот диалогын нығайту және юрисдикциялар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту ниетін растады.
Асламбек Мерғалиев Кореяның жоғары сот органының басшысы Чо Хи-дэмен, Моңғолия жоғары сот органының басшысы Цогт Цэндпен, Чехия жоғары сот органының басшысы Петр Ангьялошшимен, Жапония жоғары сот органының басшысы Имасакi Юкихикомен және Өзбекстан жоғары сот органының басшысы Робахон Махмудовамен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстандағы сот қайта құруларын, заңнаманы жаңғыртуды, сот төрелігін цифрландыруды және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын талқылады.
Кездесу барысында Асламбек Мерғалиев сот төрелігін одан әрі цифрландыру басты қағидатқа негізделуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, технология судьяға тек көмекші құрал ретінде қолданылады, жасанды интеллект оны алмастыра алмайды.
«Дәл осындай тәсіл Қазақстанда қалыптасып жатқан Болашақ сот моделінің негізінде жатыр. Онда заманауи технологиялар адам мен сот төрелігіне қызмет етеді», деп атап өтті Жоғарғы Сот Төрағасы.
Айта кетейік, Қазақстан мен БАӘ азаматтарының мүддесі үшін трансшекаралық сот төрелігі тетіктері одан әрі нығаяды. Кейінгі үш жыл ішінде БАӘ Қазақстанға іздеуде жүрген 15 адамды тапсырды. Осылайша, қылмыскерлерді беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мен инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жалғасып келеді.
