2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан бойынша гамма-сәулелену дозасының орташа қуаты сағатына 0,13 микрозиверт болды. Бұл 0,57 микрозиверттік бақылау деңгейінен 4,4 есе төмен.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, радиациялық жағдай елдегі 89 метеостанция мен 9 автоматты бекетте күн сайын бақыланады. Сонымен қатар 17 облыстағы 43 станция радиоактивті түсулерді қадағалайды.
АЭС салынатын аумақта мониторинг станция іске қосылғанға дейін басталады. Алдымен табиғи радиациялық фон зерттеліп, кейінгі көрсеткіштермен салыстыру үшін бастапқы деректер жинақталады.
Бақылау барысында ауа, су, топырақ, өсімдіктер, қажет болған жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдері де тексеріледі. АЭС қызметкерлері жеке дозиметрлермен бақыланады.
Мониторингті тек оператор ғана жүргізбейді. Оның жұмысы мемлекеттік қадағалаумен толықтырылады. АЭС орналасатын аумақта бақылау пункттерінің тығыз желісі мен кеңейтілген көрсеткіштер тізбесі қарастырылады.
Яғни радиациялық қауіпсіздік АЭС жұмысын бастамай тұрып қалыптасқан табиғи фоннан бастап, станция пайдалануға берілгеннен кейін де үздіксіз бақыланады.
