Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында аймақта алғаш рет жел электр станциясы салынып жатыр. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының оңтүстік-батысындағы 50 мегаваттық энергетикалық нысанның құрылысымен танысты.
Қытайлық компания қаржыландырған маңызды жоба аясында 140 га аумақта биіктігі 100 метрлік 6 жел қондырғысы орнатылады. Құрылыс алаңында тереңдігі 5 метрлік шұңқыр қазылып, негіздемесі салынған. Енді оның үстіне арматура тоқылып, бетон құйылады. Бұл жұмыстарды жергілікті компания атқарған. 15 адам мен 10 техника тартылған. Облыс әкімі құрылыс барысын оң бағалап, инвесторға міндеттемелерді уақытылы әрі сапалы орындаудың маңызын айтты.
Айта кетейік, инвестициялық жобаның жалпы құны 21 млрд теңге болса, қытайлық компания жыл соңына дейін 12 млрд теңге қаржы құяды.


