Басты тақырып

Қытай БАҚ-тары Тоқаевтың сапары мен жасанды интеллект конференциясына қатысуын кеңінен жариялады

Сурет: Скрин

Қытайдың жетекші медиа платформалары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары мен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуын кеңінен қамтыды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Жэньминь жибао» газеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздері туралы мақала жариялады. Басылым екі ел басшыларының қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму перспективалары жөнінде пікір алмасқанын атап өтті. «Синьхуа» агенттігі Президенттің сапарының ресми бағдарламасын, келіссөздерін және конференциядағы сөзін жан-жақты жазды.

CCTV телерадио корпорациясы Мемлекет басшысының конференцияның ашылу салтанатындағы сөзінен бейнематериалдар жариялады. China News Service әлеуметтік желілерде Тоқаевтың Си Цзиньпинге қытай тілінде алғыс білдірген сәтін бөлісті. Phoenix TV телеарнасы Президенттің жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен жаһандық басқаруға қатысты көзқарасына тоқталды.

Қытайлық БАҚ материалдарында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысы, цифрлық трансформация бастамалары және екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогтың қарқынды дамуы көрініс тапты.

Көп оқылғандар