Сурет: president.kg
Қырғызстан тарихында тұңғыш рет ұлттық спутнигі ғарышқа жіберілді. 1 қазанда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг ғарыш базасынан SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран-тасығышымен орбитаға шығарылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұшыру рәсіміне АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысты. Спутникті басқару Бішкектегі орталықтан жүзеге асырылады.
Аппарат ауыл шаруашылығы алқаптарын, мұздықтарды, су нысандарын, ормандар мен жайылымдарды бақылауға арналған. Оның деректері жер қойнауын заңсыз пайдалануды, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын және қоршаған ортаны ластау көздерін анықтауға пайдаланылмақ.
Сонымен қатар ғарыштан алынған ақпарат құрғақшылық, су тасқыны, көшкін, сел және орман өрттері сияқты табиғи қауіптерді бақылауға мүмкіндік береді. Қырғызстан президентінің әкімшілігі спутниктік мониторинг ықтимал қатерлерді жедел анықтап, олардың салдарын азайту шараларын уақытында қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске сала кетейік, 14 шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-29» пилотты ғарыш кемесі ұшырылған болатын. Экипаж орбитада шамамен сегіз ай жұмыс істеп, Жерге 2027 жылдың сәуір айында оралады деп жоспарланған.
