Жайық news

Қосшы қаласына табиғи газ ресми түрде берілді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Елорда маңындағы Қосшы қаласына табиғи газ ресми түрде берілді. Бұл – бес жыл бұрын облыстық маңызы бар қала мәртебесін алған шаһардың мерейтойына орай жүзеге асқан ірі жобалардың бірі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қосшыны газдандыру жобасы толық аяқталды. Қалаға көгілдір отын жеткізу үшін 357 шақырым газ тарату желілері салынып, бір блоктық және 44 шкафтық газ реттеу бекеті орнатылды. Нәтижесінде 72 мыңға жуық тұрғын экологиялық таза отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның екінші және үшінші кезеңдері пайдалануға берілгеннен кейін табиғи газға Қосшы қаласының барлық шағын ауданы, соның ішінде «Лесная поляна» тұрғын алабы мен «Diamond Park» тұрғын қалашығының тұрғындары қол жеткізді.

Салтанатты шараға қатысқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жобаның жүзеге асырылу барысы мен нәтижелері туралы айтты. Ол орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесінің іске қосылғанын және «QazaqGaz Aimaq» компаниясымен бірлесіп, қала тұрғындарына газ есептеуіш құралдарын тегін беру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Қосшыны газдандыру жобасының бірінші кезеңі былтыр қыркүйекте пайдалануға берілген еді. Қазір «Сарыарқа» магистралдық газ құбырынан тартылған желілердің екінші және үшінші кезеңі іске қосылып, 112 мыңға жуық тұрғыны бар шаһар толықтай газбен жылытылатын қалаға айналды.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазір Ақмола облысының 24 елді мекені табиғи газға қол жеткізген. 2027–2028 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарының тағы 12 елді мекенін газдандыру жоспарланып отыр. Биыл елімізде газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру нәтижесінде шамамен 36 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады.

Министрліктің ресми ақпаратында 2035 жылға қарай еліміздегі газдандыру деңгейін қазіргі 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарланғаны айтылған.

Көп оқылғандар