Сурет: kz.qaj.kz (архив)
«ҚазАвтоЖол» ұйымының бастамасымен биыл 8 шілдеде ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері мердігер ұйымның техникалық қадағалау жөніндегі бас инженерін пара алған кезде ұстады. Пара сомасы орындалған жұмыстардың аралық актісі сомасының 1 пайызын құраған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» жүргізген қызметтік тергеу мен аудиторлық тексеру нәтижелері бойынша Көкшетау көлік прокуратурасы «ҚАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 250-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Алдын ала анықталған залал көлемі 24 млн теңгеден асады.
2025 жылғы шілдеден бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес техникалық және авторлық қадағалау мамандары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілді. Осыған байланысты оларға заңнамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен жауапкершілік қолданылады, — делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» жол құрылысы нысандарындағы сыбайлас жемқорлық, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану немесе өзге де заңсыз әрекеттердің әрбір фактісі құқық бұзушының лауазымына, мәртебесіне немесе қай ұйымның атынан әрекет ететініне қарамастан, құзыретті органдарға берілетінін ескертеді.
Мазмұнға өту
