Сурет: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Қазақстанның ұлттық құрамасы 67-ші Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) жоғары нәтиже көрсетіп, әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына енді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
117 елдің оқушылары қатысқан олимпиаданың бейресми командалық медальдық есебі бойынша Қазақстан 22-орынға тұрақтады. Ұлттық құраманың барлық алты мүшесі жүлдегер атанып, үш күміс және үш қола медаль иеленді.
Бұл жетістік Қазақстанның ұлттық құрамалары үшін нәтижелі өткен шілде айының қорытындысы болды. Бір ай ішінде қазақстандық оқушылар физика, химия, биология, математика және экономика пәндері бойынша өткен халықаралық олимпиадаларда 24 медаль жеңіп алды. Аталған бес олимпиаданың барлығында Қазақстанның әрбір қатысушысы жүлдегер атанды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды балаларды қолдау және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жөніндегі саясатының нәтижесі осы жетістіктерден көрініс тапты. Бұл дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және зияткерлік жарыстарға даярлау жұмысының тиімділігін дәлелдейді.
Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) 85 елден 381 оқушы бақ сынады. Қазақстан құрамасы алғаш рет барлық бес мүшесі алтын медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Бейресми командалық есепте Қазақстан 1-орынды бөлісті.
Ташкентте өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (IChO) 90-нан астам елден 350-ден астам оқушы қатысты. Қазақстанның төрт қатысушысының барлығы жүлдегер атанып, бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама бейресми командалық есепте 10-орынды иеленді.
Вильнюсте өткен 37-ші Халықаралық биология олимпиадасында (IBO) 84 елден 330-дан астам оқушы бақ сынады. Қазақстан құрамасының барлық мүшесі жүлдегер атанып, үш күміс және бір қола медаль иеленді. Ұлттық құрама 1996 жылғы ең үздік нәтижені қайталады. Бейресми командалық есепте Қазақстан 18-орынға тұрақтады.
Қытайда өткен Халықаралық экономика олимпиадасында (IEO) 61 елден шамамен 300 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы жүз пайыздық нәтижеге қол жеткізіп, бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық Мұхтархан Батырхан IEO олимпиадасының алтын медалін екінші рет иеленді. Бейресми командалық есепте Қазақстан 10-орыннан көрінді.
Шілде айындағы халықаралық олимпиадалардың қорытындылары Қазақстанның әлемдегі жетекші зияткерлік құрамалар қатарындағы орнының нығайып келе жатқанын көрсетті. Физикадан 1-орын, химия мен экономикадан үздік ондыққа ену, биологиядан 18-орын және математикадан әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына қосылу дарынды оқушыларды даярлау жүйесінің тиімділігін дәлелдейді.
Халықаралық олимпиадалар маусымы жалғасуда. Тамыз айында Қазақстанның ұлттық құрамалары Халықаралық информатика олимпиадасына (IOI), Халықаралық география олимпиадасына (IGeO) және Халықаралық лингвистика олимпиадасына (IOL) қатысады. Осы олимпиадалардың қорытындысы бойынша Қазақстан 2026 жылғы ең ірі жеті халықаралық пәндік олимпиаданың барлығына қатысу циклін аяқтайды.
Мазмұнға өту
