Сурет: ашық дереккөзден
Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін күндері қаладағы сауда орталықтары мен базарлар уақытша жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қырғызстан астанасында халықаралық іс-шаралар 31 тамыз бен 1 қыркүйекте өтеді. Осы күндері ресми делегациялар жүретін бағыттар бойындағы «ГУМ Чынар», «ЦУМ Айчурек», «Бишкек Парк», «Азия Молл», «Ала-Арча», «VEFA Центр», «Дом торговли», «Гоин», «Beta Stores 1», «Беш Сары Сити» сияқты сауда орталықтары жабылады.
31 тамыз, 1 және 2 қыркүйекте «Ош базары» мен «Сары-Өзон» базарлары, ал «Орто-Сай» базары 31 тамыз бен 1 қыркүйекте жұмыс істемейді. Сондай-ақ 29 тамыздан бастап қала орталығындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері жабылады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтетін орынға қаланың 21 нүктесінен шаттл автобустар қатынайды. Бішкек мэрі Айбек Джунушалиев бұл шаралар қала тұрғындары, қонақтар мен ресми делегациялардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов Бішкек тұрғындарын халықаралық іс-шараларға байланысты жаз соңында қаладан уақытша кетуге шақырған. «Алғаш рет елімізге бір мезетте 21 мемлекеттің басшысы келеді. Олардың кейбірі бірінші ханымдарымен бірге болады. Бұл бірқатар президенттің Қырғызстанға мемлекеттік сапармен келуіне байланысты. Осыған орай Бішкек тұрғындарынан мүмкіндігінше осы күндері Ыстықкөлде немесе басқа да демалыс орындарында болуды сұраймыз. Әйтпесе, қолайсыздық ең алдымен өздеріңізге тиеді, өйткені қаладағы жолдар үш күн бойы жиі жабылады», деді ол.
Сонымен қатар Бішкектегі мектептер мен жоғары оқу орындарында оқу 15 қыркүйекте ғана басталады.
Мазмұнға өту
