Спорт

«Астана» «Қайратты» 1:0 есебімен жеңді, алматылықтар 10 ойыншымен қалды

Сурет: ашық дереккөзден

Астанада Қазақстан Премьер-лигасының 27-турында «Астана» мен «Қайрат» кездесіп, елордалық клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

17 қыркүйекте «Астана Аренада» өткен матчта алматылықтар 11-минуттан бастап алаңда бір ойыншысыз қалды. «Қайрат» жартылай қорғаушысы Әділет Садыбековке төреші әуелі сары қағаз көрсетті, алайда VAR жүйесіндегі қайталауды қараған соң шешімін өзгертіп, тікелей қызыл қағаз берді.

Сандық басымдықты пайдаланған «Астана» 14-минутта есеп ашты. Хорватиялық қорғаушы Карло Бартолец оң қанаттан пас шығарып, Рамазан Кәрімов допты баспен қақпаға бағыттады.

Қалған уақытта «Қайрат» есепті теңестіре алмады. Осы жеңіліс алматылықтар үшін чемпиондық жарыстағы маңызды ұпай жоғалту болды. 27-турға дейін «Қайрат» 25 матчтан кейін 57 ұпаймен екінші орында тұрған, көш басында 58 ұпайы бар шымкенттік «Ордабасы» болған. «Астана» 24 ойыннан кейін 45 ұпаймен үшінші орында келе жатқан еді.

Көп оқылғандар