Сурет: Gov.kz
Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингенті Голан жоталарында БҰҰ-ның Бөлінуді бақылау күштері құрамында төрт ай бойы қызмет етіп, осы уақыт ішінде 470 жедел іс-шараны жүзеге асырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, жауапкершілік аймағында 379 патрульдеу жүргізілген. Бұған қоса, инженерлік-саперлік топ 350 жарылғыш затты және атыс қаруына арналған 1800 оқ-дәріні тауып, жойды.
«Осы кезеңде қазақстандық әскери қызметшілер 470 жедел іс-шара өткізді. Оның ішінде жауапкершілік аймағында 379 патрульдеу жүргізілді. Сондай-ақ 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1800 оқ-дәрі жойылды», делінген министрлік хабарламасында.
БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес бітімгерлік ротаның әскери қызметшілері жауапкершілік аймағын патрульдеп, ахуалды бақылауда ұстайды әрі жедел әрекет ету күштерінің тұрақты дайындығын қамтамасыз етеді.
Қажет болған жағдайда әскери қызметшілер бақылау бекеттерін күшейтуге, БҰҰ персоналын эвакуациялауға, сондай-ақ Ұйым өкілдері мен жүктерді алып жүруге тартылады.
Патрульдеуден бөлек, қазақстандық бітімгерлер 49 уақытша түнгі бақылау бекетін ұйымдастырып, жедел әрекет ету күштерінің 11 оқу-жаттығуын өткізді. Жергілікті қауымдастық өкілдерімен 11 кездесу ұйымдастырылды.
Қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ мандатына сәйкес міндеттерін орындауды жалғастырып жатыр. Әскери қызметшілер жауапкершілік аймағында тұрақты болуды және кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайындықты қамтамасыз етуде.
