Сурет: freepik.com
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен ведомство алқасының отырысында топырақты міндетті зерттеу ұсынылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін жер стратегиялық ресурс болып табылады. Қазір айналымда 117,7 млн гектар жер бар, оның 26,5 млн гектары егістік, 83,9 млн гектары жайылым, 2,4 млн гектары шабындық және 4,9 млн гектары басқа санаттарға жатады. Табиғи және антропогендік факторларға байланысты жердің тозу қаупі сақталуда.
Вице-министр Азат Сұлтанов жер сапасын бақылау жүйесін реформалау нәтижелері туралы баяндады. «ЖерЗЖЖМИ» мамандары 53,5 млн гектар аумақтағы тозу карталарын жаңартып, нақты тозған жер көлемі 2,7 млн гектарды (шамамен 5%) құраған. Барлық 182 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг 2029 жылға дейін аяқталады.
Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Топырақты қорғау туралы» заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлеріне әр 3-5 жыл сайын міндетті агрохимиялық зерттеу жүргізу, жер учаскелерін беру кезінде «жер паспортын» енгізу және жер комиссиялары мен конкурстық рәсімдерді цифрлық онлайн форматқа көшіру көзделген.

