Үкіметте ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бойынша ірі келісімдерге қол қойылды. Бұл – импортты алмастыру бағытындағы маңызды қадам, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кездесуде Еуропа, Канада және АҚШ компанияларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Келісімдер машина жасау саласындағы технологияларды енгізуге және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған.
«Біз шетелдік серіктестермен бірге ауыл шаруашылығы техникасын Қазақстанда жинайтын боламыз. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, импортқа тәуелділікті азайтады», – деді Бектенов.
Келісімдер аясында елімізде тракторлар мен комбайндардың заманауи үлгілерін шығару жоспарланған. Жобаларды іске асыруға бірнеше жыл қажет, бірақ алғашқы нәтижелер келесі жылы күтілуде.

