Қоғам

Қазақстанда әлеуметтік төлем үшін ажырасу көбейді

Сурет: istockphoto.com

Елімізде әлеуметтік төлем алу мақсатында ресми ажырасып, кейін бірге тұратын отбасылар саны артқан, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда 22,5 мың ажырасу тіркелген. 2025 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш 21,5 мыңды құраған. Алғашқы алты айда 51,7 мың неке қиылған.

Елде «жалғызбасты ана» мәртебесіне жеке жәрдемақы қарастырылмаған. Аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы мен өңірдегі кедейлік шегіне қарай есептеледі.

Бұрынғы жұбайлардың ажырасқан соң бір үйде тұруына заң тыйым салмайды. Бірақ АӘК тағайындау кезінде тек ресми неке мәртебесі емес, отбасының нақты құрамы да ескеріледі. Егер ажырасқандар бірге тұрып, ортақ шаруашылық жүргізсе, олардың табысы белгілі жағдайларда отбасының жиынтық кірісіне қосылуы мүмкін.

АӘК алу үшін отбасының нақты жағдайын әдейі жасырып, жалған мәлімет берген азаматтардың жәрдемақысы алты айға дейін тоқтатылуы мүмкін. Заңсыз алынған әлеуметтік төлем анықталса, қаражатты қайтару талап етіледі. Алушы жәрдемақы құқығына немесе мөлшеріне әсер ететін өзгерістер туралы 10 жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.

Жоғарғы Соттың мәліметінше, әлеуметтік төлем алу үшін көрінеу жалған мәлімет беру немесе маңызды мән-жайларды жасыру кейде алаяқтық ретінде қаралуы мүмкін. Бұл ретте қылмыстық жауапкершілік әр істің нақты мән-жайына байланысты айқындалады.

Айта кетейік, маусым айында елімізде 15 мыңнан астам жұп неке қиған.

Көп оқылғандар