Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда мемлекеттік реттеуге жататын дәрі-дәрмектердің басым бөлігінің шекті бағасы төмендеді. 2025 жылғы бағаларды 2024 жылдың соңында бекітілген көрсеткіштермен салыстыру нәтижесінде 3 801 сауда атауының бағасы орта есеппен 26,5%-ға арзандаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл көрсеткіш шекті бағасы реттелетін дәрілердің жалпы санының 76%-ын құрайды. Сонымен қатар 947 позицияның бағасы өзгермеген, ал тізім 246 жаңа позициямен толықтырылған.
2026 жылы дәрілерді көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін 2 055 препарат бойынша жаңа шекті бағалар бекітілді. Оның ішінде бағалар орта есеппен 16%-ға төмендеді. Ал бекітілген бағалардың жартысында өзгеріс болмаған. Тізімге тағы 169 жаңа позиция енгізілді.
Бағаның төмендеуі ТМККК және МӘМС аясында берілетін дәрілерге де қатысты. Бұл санатта 1 397 сауда атауының бағасы орта есеппен 22,45%-ға төмендеді. Ал халықаралық патенттелмеген атаулар бойынша 453 позицияның бағасы орта есеппен 25,3%-ға арзандаған.
Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, өзгерістер дәрілердің шекті бағасын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауға байланысты болып отыр.
«Баға белгілеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер, ең алдымен, бағаны қалыптастыру процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бүгінде өндіруші мәлімдеген құн құжаттармен расталып, референттік елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте ең төменгі үш бағаның орташа мәні пайдаланылады», деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанның референттік елдер тізіміне Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия, Өзбекстан кіреді.
Еске салайық, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы инфляция бір жылда 11%-ға өсіп, дәрі-дәрмек бағасы 20%-ға өсті.
