Сурет: ЖИ көмегімен жасалды
Қазақстанда 2026 жылы жалпы инвестициясы 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорын іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика байқалды. Министрдің айтуынша, жаңа жобалар 17 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, оның ішінде ауылдық жерлерде 5,5 мың жұмыс орны құрылады.
«Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу», деді министр.
Жобалар толық қуатына шыққанда жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа жөнелтіледі. Жыл басынан бері жалпы инвестициясы 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылған.
«Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалуда. Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар», деді министр.
Мемлекеттік қолдау шараларын нақты өндіріске бағыттауда Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі маңызды рөл атқарады. Бүгінде Тізілімде 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен бірігуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілді.
Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласына арналған 15 жаңа өндіріс іске қосылатынын мәлімдеді.
Мазмұнға өту
