Қаржы

Қазақстан жаңа ғарыштық байланыс жүйесін іске қосады

Сурет: esa.int

Үкімет резервінен KazSat-3R жаңа ғарыштық байланыс жүйесін құруға 10,4 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында қолданыстағы KazSat-3 байланыс спутнигін алмастыратын жаңа аппарат әзірленеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі спутниктің пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа жүйе ұлттық спутниктік байланыстың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта KazSat жүйесінің қызметін 19 байланыс операторы пайдаланады. Сонымен қатар спутник арқылы 2 миллионнан астам телехабар тарату абонентіне қызмет көрсетіледі.

«Жобаны жүзеге асыру спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды», делінген Үкімет хабарламасында.

Еске сала кетейік, жыл басында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев биыл 6 отандық спутник экспортқа шығарылатынын атап өткен еді.

Көп оқылғандар