Әлем

Қазақстан ТМҰ елдеріне дәрі-дәрмекті бірлесіп сатып алуды ұсынды

Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер үшін дәрілік заттарды ортақ сатып алу тетігін жасауды ұсынды. Бұл бастама дәрілердің қолжетімділігін жақсартуға, халықаралық өндірушілермен байланысты кеңейтуге және дәрілік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұсынысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бішкекте өткен ТМҰ денсаулық сақтау министрлерінің алтыншы отырысында айтты.

Жоспарланған тетік бірнеше елдің дәрі-дәрмекке деген сұранысын біріктіріп, сатып алу шарттарын келісуді көздейді. Бұл мемлекеттерге өндірушілермен бірлесіп келіссөз жүргізуге жол ашып, сатып алу тиімділігін арттырады.

Қазақстан осы мақсатта 2009 жылдан бері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды орталықтандырылған түрде сатып алып келе жатқан «СҚ-Фармация» ЖШС Бірыңғай дистрибьюторының тәжірибесі мен инфрақұрылымын қолдануды ұсынады.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Бірыңғай дистрибьютор арқылы 2,75 млн пациент тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілді. Медициналық ұйымдарға 258 млрд теңгенің өнімі жеткізіліп, сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша 68 млрд теңге үнемделді.

Қазақстан бұған дейін Johnson & Johnson, Pfizer, Roche, AstraZeneca және Sinovac компанияларымен мемлекетаралық сатып алу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Қазір басқа да халықаралық фармацевтикалық компаниялармен өзара іс-қимыл жалғасуда.

Қазақстанның тағы бір ұсынысы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша ұлттық реттеу жүйелері кемелділіктің үшінші деңгейіне жеткен ТМҰ мемлекеттері арасында дәрілік заттарды тіркеу рәсімдерін жеделдету болды.

2026 жылы Қазақстан осы деңгейге жетіп, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудың ұлттық жүйесінің дамығанын растады. Сондай-ақ елде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарыққа шығаруға рұқсат беру мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін «бір терезе» қағидаты енгізілді.

Атап айтқанда, Қазақстан ДДҰ-ның кемелділіктің үшінші деңгейіне ие Түркиямен дәрілік заттарды жеделдетіп тіркеудің екіжақты тетігін қарастыруды ұсынды.

«Біздің ортақ міндетіміз – тәжірибе алмасып қана қоймай, азаматтарымыз үшін нақты нәтиже беретін бірлескен жұмыстың тұрақты тетіктерін қалыптастыру», деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Бұған дейін, 17 қыркүйекте Қазақстанның бастамасымен ТМҰ мемлекеттері өкілдерінің сараптамалық кездесуі өтіп, онда бірлескен сатып алудың ұйымдастырушылық, құқықтық және реттеушілік мәселелері талқыланды.

Келесі кезеңде мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты тетігін пысықтау жоспарлануда.

Көп оқылғандар