Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде волонтерлік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған іс-шаралар өтті. Бұл шаралар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараларға АӨСШК-ға төрағалық етуші Әзербайжан, АӨСШК Хатшылығы және БҰҰ-ның Волонтерлер бағдарламасы (UNV) қолдау көрсетті. Бағдарлама аясында «АӨСШК-ға мүше мемлекеттердегі волонтерлік» атты фотокөрме ашылып, «АӨСШК-ға мүше мемлекеттердегі волонтерліктің үздік тәжірибелері» тақырыбында халықаралық панельдік пікірталас өтті. Сондай-ақ АӨСШК елдерінде волонтерлер қозғалысын дамыту тәжірибесіне арналған электронды жинақ таныстырылды.
Пікірталас барысында Қазақстанның волонтерлік қозғалысты дамыту бағытындағы тәжірибесі талқыланды. БҰҰ өкілдері елімізде волонтерлер қызметін есепке алудың ұлттық жүйесі мен волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамаларға жоғары баға берді.
Іс-шараларға БҰҰ өкілдері, АӨСШК-ға мүше мемлекеттердің делегациялары мен халықаралық сарапшылар қатысты. Олар волонтерлікті дамыту, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі үздік тәжірибелерімен бөлісті.
БҰҰ штаб-пәтерінде өткен бұл іс-шаралар Қазақстанның халықаралық волонтерлік бастамаларды ілгерілетудегі маңызды рөлін көрсетті. Айта кетейік, Дастан Сәтпаев пен ByDastann Халықаралық волонтерлер жылының жаһандық амбассадорлары атанған еді.
Мазмұнға өту
