Қоғам

Қазақстан АДИ бойынша Орталық Азияда көш бастады

Сурет: ашық дереккөз

Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасының адам дамуы индексі (АДИ) бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ел әлемдік рейтингте 60-орынды иеленіп, адам дамуы өте жоғары деңгейдегі мемлекеттер қатарына кірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

АДИ елдің экономикалық көрсеткіштерімен қатар халықтың өмір сүру ұзақтығын, білім алу мүмкіндігін және табыс деңгейін ескереді. Индекс үш негізгі бағыт бойынша есептеледі: ұзақ әрі салауатты өмір, білім және лайықты өмір сүру деңгейі.

2025 жылғы рейтингте Исландия 0,972 көрсеткішімен бірінші орында. Одан кейін Норвегия мен Швейцария тұр. Әлем бойынша АДИ орташа мәні 0,756 болды.

Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның нәтижесі жоғары. Қазақстан 0,837 индексімен 60-орында. Түрікменстан 0,764 көрсеткішімен 95-орынды, Өзбекстан 0,740 көрсеткішімен 107-орынды иеленді. Қырғызстан 0,720 көрсеткішімен 117-орында, Тәжікстан 0,691 көрсеткішімен 128-орында тұр.

Қазақстан мен Қырғызстанның көрсеткіштерін салыстырғанда, олардың арасында 57 орын айырмашылық бар. АДИ бойынша екі елдің нәтижелері арасындағы айырма – 0,117.

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрайды. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 71,7 жыл. Осылайша, екі ел арасындағы айырмашылық 2,7 жылға жетеді. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азиядағы елдердің арасында алда тұр.

Білім беру көрсеткіштері бойынша айырмашылық салыстырмалы түрде аз. Қазақстанда күтілетін оқу ұзақтығы 14 жыл болса, Қырғызстанда 12,7 жыл. Ал 25 жастан асқан тұрғындардың орташа оқу ұзақтығы Қазақстанда 12,5, Қырғызстанда 12,1 жыл.

Екі елдің арасындағы ең үлкен айырмашылық табыс деңгейінен байқалады. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша 2021 жылғы жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс Қазақстанда 31 мың долларды құраса, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 6,1 мың доллар болған.

Сонымен бірге АДИ халық арасындағы теңсіздік деңгейін толық көрсете алмайды. Осыған байланысты БҰҰ Даму бағдарламасы теңсіздік ескерілген адам дамуы индексін де есептейді.

Бұл көрсеткіш бойынша да Қазақстан Қырғызстаннан жоғары нәтиже көрсеткен. Теңсіздік ескерілген АДИ Қазақстанда 0,766 болса, Қырғызстанда 0,649 деңгейінде.

Жалпы, БҰҰ Даму бағдарламасы есепке алатын өмір сүру ұзақтығы, білім және табыс көрсеткіштерінің жиынтығы бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жоғары нәтижеге ие.

Көп оқылғандар