«Қауіпсіз балалық шақ» республикалық акциясы аясында Батыс Қазақстан облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, Білім басқармасы және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО бойынша департаменті бірлесіп қала колледждерінің студенттерімен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында жазғы кезеңдегі балалардың қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі, кәмелетке толмағандарды жұмысқа тартуға қатысты заңнамалық талаптар, сондай-ақ жасөспірімдердің еңбек құқықтары мен оларды қорғау тетіктері түсіндірілді. Мамандар студенттерге өз құқықтарын білу және олар бұзылған жағдайда қайда жүгіну қажеттігі жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар Орал қаласы әкімдігімен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар басталды. Рейд барысында еңбекке тартылған жасөспірімдерді анықтау, сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген балаларды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Іс-шаралар барысында түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту фактілері анықталып, кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ескертулер берілді.
Балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз еңбекке тарту фактілерінің алдын алу бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.



