Сурет: Қорғаныс министрлігі
Қазақстан Қарулы күштерінде радиоэлектрондық қорғаныс және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл бойынша оқу-әдістемелік жиын өтуде. Шараға әскери қызметшілер қатысуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мамандардың айтуынша, жауынгерлік тапсырмалардың сәтті орындалуы қару-жарақпен қатар радиоэфирді бақылау деңгейіне де байланысты. Осыған орай әскери қызметшілер байланыс жүйелерін бөтен кедергілерден қорғауды, радиосигнал көздерін анықтауды және дрондарға тиімді соққы беруді үйренуде.
Қазіргі уақытта ұрыс тек жерде немесе әуеде ғана емес, радиоэфирде де жүріп жатыр. Радиоэлектрондық күрес мамандарын дайындау — жауынгерлік әзірліктің басты бағыттарының бірі, — деді 43988 әскери бөлімі командирінің орынбасары — штаб бастығы подполковник Азамат Асқар.
Сабақ барысында әскери қызметшілер заманауи радиоэлектрондық күрес құралдарын меңгеріп, байланыс пен басқару арналарын қорғау әдістерін үйренуде. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын тауып, олардың сигналын басып тастау амалдары пысықталуда.
Іс-тәжірибеге ерекше мән берілген. Қатысушылар әскери нысандардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды, заманауи РЭК кешендерін қолдануды және бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді пысықтауда.
Мұндай жиындар жаңа білім алып қана қоймай, әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Практикалық бөлім шынайы ұрыс даласына жақындатылған жағдайда іс-қимылдарды пысықтауға көмектеседі, — деді 51809 әскери бөлімінің әскери қызметшісі капитан Ерік Қасымбеков.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі — өзара тәжірибе алмасу. Қарулы күштер түрлері мен әскер тектерінің өкілдері ұшқышсыз технологиялардың дамуына байланысты қауіп-қатерлерді талқылап, олардың жолын кесудің бірлескен тәсілдерін жетілдіруде.
Мазмұнға өту
