Қоғам

Қайырымдылық құрметті атағына құжат қабылдау басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мәдениет және ақпарат министрлігі қайырымдылық саласындағы құрметті атаққа үміткерлерден құжат қабылдауды бастайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл атақ қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды, ұйымдар мен волонтерлерді марапаттауға беріледі. Марапаттау бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады: туған өлкені қолдауға арналған ірі әлеуметтік жобалар; аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, әлеуметтік осал топтарға, соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерге тегін көмек; Қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға және төтенше жағдайдан зардап шеккендерге жәрдемдесу; шұғыл ақылы ем қажет азаматтарға қайырымдылық көмек; ғылым, инновация, білім, мәдениет, өнер және спортты қолдау, тарихи-мәдени мұраны сақтау; жануарларды қорғау; кәсіпкерлікте корпоративтік қайырымдылықты дамыту.

Құжаттар биылғы 1 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында қабылданады. Оларды мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар a.isimbayeva@mki.gov.kz электрондық поштасына немесе министрлік кеңсесіне қағаз және электрондық тасымалдағышта тапсыра алады. Қажетті құжаттар: белгіленген нысандағы ұсыныс, дипломдар мен грамоталардың көшірмелері, үміткер туралы жарияланымдар және әлеуметтік желідегі парақшаға сілтеме.

Атақ алғаннан кейін үш жыл ішінде қайта ұсынуға болмайды. Үміткер тек бір бағыт бойынша ұсынылады. Жеңімпаздарды азаматтық қоғам, квазимемлекеттік сектор және мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған комиссия анықтайды. Сұрақтар бойынша 8 (7172) 74-03-11, 74-06-74 телефондарына хабарласуға болады.

Көп оқылғандар