Жайық news

Қайтарылған активтер есебінен БҚО-да әлеуметтік нысандар салынуда

Сурет: Жайық Пресс

Облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 17,7 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) және сумен жабдықтау жүйелері сияқты нысандарды салуға жұмсалуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, бүгінгі күні осы қаражатқа жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 23 әлеуметтік нысан салынған. Тағы төрт жоба іске асырылу сатысында тұр.

Айқын мысал ретінде Сырым ауданының Шағырлой ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктті атауға болады. Тұрғындар 1979 жылы салынған медициналық мекемені пайдаланып келген. Ғимарат қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейтін, ал күрделі медициналық көмек алу үшін адамдарға ауа райына және денсаулық жағдайына қарамастан аудан орталығына дейін 22 шақырым жол жүруге тура келетін. Қазір жағдай өзгерді. Жаңа ФАП 623-тен астам ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсетеді. Жобаның құны 337,8 млн теңгені құрады, оның 136 млн теңгесі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құрылған Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа медициналық пункттің ашылуы көптен күткен оқиға болды және алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Прокуратурада Арнайы мемлекеттік қор қаражатының жұмсалуы қадағалау органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Бұл жобалардың ашықтығын және олардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етеді.

Көп оқылғандар