Спорт

«Қайрат» Чемпиондар лигасында «Омониядан» жеңіліп қалды

Сурет: «Қайрат» футбол клубы

Алматылық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Кипрдің «Омония» командасынан 1:0 есебімен ұтылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ойынның 13-минутында алаң иелері есеп ашты. Панайотис Андреу айып алаңындағы қарбаластан кейін допты қақпаның төменгі бұрышына бағыттады. 34-минутта «Омония» қорғаушысы Лоик Него өрескел ойыны үшін алаңнан қуылды. Төреші алғашында сары қағаз көрсеткенімен, VAR жүйесіндегі бейнеқайталаудан кейін қызыл қағаз берді.

Үзілістен соң «Қайрат» шабуыл шебін күшейтіп, Әділет Садыбековтың орнына Эдмилсонды шығарды. Кейін Исмаил Бекболат Еркін Тапаловты, Лев Кургин Ойва Юкколаны алмастырды. Матч соңына қарай Азамат Тұяқбаев пен клубтың жаңа ойыншысы Густаво Мендоса Луиш Мата мен Марк Гуальдың орнына алаңға шықты.

Екінші таймда алматылықтар ойынның 69 пайызында допқа иелік етіп, қақпаға екі дәл соққы жасағанымен, есепті теңестіре алмады. Осылайша кездесу 1:0 есебімен «Омонияның» пайдасына шешілді.

Қарымта матч 29 шілдеде сағат 20:00-де Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.

Көп оқылғандар