Қаржы

Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3%-ға өсті

Сурет: ашық дереккөз

2026 жылғы қаңтар-шілдеде елімізде құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3 пайызға артып, 5 061,1 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, құрылыс жұмыстарының ең көп үлесі автомобиль жолдары, теміржолдар мен метролар құрылысына (24,7%), тұрғын емес ғимараттарға (21,4%) және тұрғын үйлерге (13,4%) тиесілі.

Жалпы көлемнің 90,1 пайызын жеке құрылыс ұйымдары, 9,2 пайызын шетелдік компаниялар, ал 0,7 пайызын мемлекеттік сектор орындаған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім негізінен ғимараттар салу және жөндеу жұмыстарының артуына (19,5%) байланысты болды.

Аумақтық бөліністе 18 өңірде құрылыс көлемі ұлғайған. Айтарлықтай өсім Ұлытау облысында (3 есе), Қызылордада (34,9%), Павлодарда (32%), Атырауда (27,9%), Түркістанда (25,7%), Шығыс Қазақстанда (24,5%), Абай облысында (23,1%), Қостанайда (22,3%), Батыс Қазақстанда (17,3%), Жамбыл облысында (14,7%) және Алматы қаласында (23,3%) байқалады.

Осы кезеңде пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 12 339 мың шаршы метрді құрады. Тұрғын үйлердің жалпы алаңы былтырғыдан 3,9 пайызға артып, 9 746 мың шаршы метрге жетті. Оның 6 546,4 мың шаршы метрі көппәтерлі, 3 157,9 мың шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі. Тұрғын үйдің 95,3 пайызын жеке құрылыс салушылар, оның ішінде 3 321,3 мың шаршы метрін халық салған.

Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау саласында 18 090 орынға арналған 32 мектеп, 4 207 орындық 32 балабақша, ауысымына 198 келушіге арналған 6 емхана және 120 төсектік аурухана пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары Премьер-министрдің Үкімет отырысында айтылды. Жыл соңына дейін қанша мектеп құрылысы аяқталатыны белгілі болды.

Бұған дейін құрылыс жобаларын енді жасанды интеллект тексеретіні хабарланған еді.

Көп оқылғандар