Сурет: ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында мал шаруашылығын дамытуды маңызды міндет деп атады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, мемлекет бұл салаға нақты қолдау көрсетіп келеді. Соңғы жылдары мал шаруашылығымен айналысатын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұлғайып, асыл тұқымды мал сатып алуға баса назар аударыла бастады.
«Кейінгі жылдарда ата кәсіппен айналысатын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұлғайды. Асыл тұқымды мал сатып алуға баса назар аударылатын болды. Жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мәселен, былтырдан бері 71 тауар сүт фермасы іске қосылды, 33 бордақылау алаңы салынды», деді Президент.
Мемлекет басшысы енді осы өндіріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау керектігін атап өтті. Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз етіп, дайын өнімді өткізу мәселесін шешу қажет. Сондай-ақ жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге, егістік көлемін ұлғайтуға және су көздерін шаруа қожалықтары үшін қолжетімді етуге ерекше көңіл бөлген жөн.
«Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс. Жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлген абзал. Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажеттігін де атап өтті. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылды.
«Бұл – ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет. Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Мазмұнға өту
