Сурет: ашық дереккөз
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, егіс алқаптарын әртараптандыру және отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр гектардан алынатын өнім көлемін арттырып, өндіріс шығынын азайту қажеттігін атап өтті. Ол үшін агротехникалық талаптарды сақтау, егістіктің тиімді құрылымын қалыптастыру, сапалы тұқым пайдалану, тыңайтқышпен қамтамасыз ету, ғылыми негізделген технологияларды енгізу және су ресурстарын үнемді жұмсау маңызды.
«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сондықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл түйткілді шешу жолы түсінікті деп ойлаймын. Еске сала кетейін, бұған егістіктің рационалды құрылымы, сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш, ғылыми дәлдікке негізделген егіншілік және суды үнемді пайдалану есебінен жетуге болады», деді Президент.
Соңғы жылдары Қазақстан бидайға тәуелділікті азайтып, экономикалық қайтарымы жоғары дақылдардың үлесін арттыруға басымдық беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін өңірлердің топырақ-климат ерекшелігі мен өңдеуші кәсіпорындардың сұранысы ескерілуге тиіс.
«2023 жылдан бері бидайдың бітік шығуына тәуелділікті азайтып, пайдасы әлдеқайда жоғары дақылдардың үлесін көбейту бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Топырақ пен климат жағдайын, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, егістікті әртараптандыруды одан әрі жалғастырған жөн. Биыл диқандарымыздың минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыммен негізделген қажетті мөлшердің 65 пайызына жетті. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бірнеше жыл бұрын аталған көрсеткіш небары 20 пайызды құраған еді», деді Мемлекет басшысы.
Егін өнімділігін арттыруда минералды тыңайтқыштың қолжетімділігі де шешуші рөл атқарады. Президент отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту қажеттігін айтты.
«Сонымен бірге отандық тыңайтқыш өндірісін дамытудың маңызы зор. Қазір пайдаланып жүрген тыңайтқыштың жартысына жуығы шеттен келеді. Жағдайды бұлай қалдыруға болмайды. Бұл жөнінде талай айттық. Қазір Түркістан облысында фосфорлы тыңайтқыштар шығаратын зауыт салынып жатыр. Маңғыстау облысында еліміздегі алғашқы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жоспарланған. Үкімет те осындай жобаларға қолдау көрсетеді», деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы форумда агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайғанын мәлімдеді.
Мазмұнға өту
