Спорт

Португалия құрамасының жаңа бапкері Роналдуға қатысты пікір білдірді

Сурет: Getty Images

Португалия құрамасының жаңа бас бапкері Жорже Жезуш ұлттық құрамаға қатысты жоспарын жариялап, жақын арада құрамда ауқымды өзгерістер болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

71 жастағы маманның айтуынша, қыркүйек айында Уэльске қарсы өтетін Ұлттар лигасының матчына шақырылатын футболшылардың тізімінде аса көп өзгеріс болмайды.

«Жаңа бапкер келді, көптеген ойыншыны ауыстырады екен деп ойламаңыздар. Олай болмайды. Қазір тәжірибе жасауға уақыт жоқ. Құрамға екі-үш жаңа футболшы ғана қосылуы мүмкін», деді Жезуш.

Сонымен қатар ол Португалия құрамасының ойыны алдағы уақытта айтарлықтай жақсаруы керек екенін атап өтті.

«Егер команда әлем чемпионатындағыдай ойнаса, мен де жақсы нәтиже көрсете алмаймын. Біз сапалы футбол ойнауымыз керек. Әйтпесе көп жылдан бері орындалмай келе жатқан арманымыз тағы да арман күйінде қалады», деді Португалия бапкері.

Жорже Жезуш сондай-ақ Криштиану Роналдуға қатысты пікір білдіріп, тәжірибелі шабуылшының ұлттық құрама үшін әлі де маңызды тұлға екенін айтты.

«Криштиану ешқашан мен үшін де, ұлттық құрама үшін де мәселе болған емес. Ол – Португалияның символы. Қажетті шешім қабылдайтын уақыт келгенде, оны алдымен өзімен жеке талқылаймын», деді Жорже Жезуш.

Бұған дейін Жорже Жезуштің Португалия құрамасын баптауы мүмкін екені хабарланған болатын. Ол Роберто Мартинестің орнына тағайындалды. Португалияның бұрынғы бапкері әлем чемпионатының 1/8 финалында Испанияға есе жіберген соң өз еркімен қызметінен кеткен еді.

Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында Роналдуды баптаған маман енді Португалия құрамасын 2030 жылғы әлем чемпионатына дайындайды. Келесі әлем біріншілігі 6 мемлекетте, 64 құраманың қатысуымен өтеді.

Көп оқылғандар