Қоғам

Биыл Өзбекстанда 70 жастан асқан 29 ер адам әке атанды

Сурет: yuz.uz

Өзбекстанның Ұлттық статистика комитеті биылғы жылдың алғашқы алты айындағы туу көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері 373 389 сәби дүниеге келген. Олардың әкелерінің жасы да есепке алынған. Ең көп бала – 309 182 – 25-39 жастағы ер адамдардан туған. 25 жасқа дейінгі әкелерден 34 526 нәресте дүние есігін ашқан. 40-59 жастағы ер азаматтар 29 403 баланың әкесі атанған. 60-69 жастағылар 249 сәби сүйген. Ал 70 жастан асқан әкелер 29 «жетпісбайды» тудырған.

Қазақстандағы жағдайға келсек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы елімізде 365 923 бала туған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға жуықтаған.

Ұлттық статистика бюросының демографиялық деректерінде тууға қатысты негізгі көрсеткіш «ананың жасы бойынша туғандар» ретінде беріледі. Мысалы, 2024 жылы 25-29 жастағы аналардан 100 749 бала, 30-34 жастағылардан 95 697, 35-39 жастағылардан 62 686, 40-44 жастағылардан 15 884, ал 45 жастан асқан аналардан 1 104 бала туған.

Әкелердің жасы бойынша ашық статистика жоқ, сондықтан елімізде 70 жастан асқан ер адамның әке болғанын нақты айту қиын.

Соңғы жылдары елімізде жасы қырықтан, тіпті елуден асқан әйелдердің бала көтеріп жатқаны жиі естіледі. Бұл кеш бала көтеру, кеш тұрмысқа шығу сияқты себептермен байланыстырылады. Алматы қаласы Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) бөлімінің меңгерушісі, гинеколог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Нұржан Айсабаеваның айтуынша, бүгінгі таңда жасы елуден асқан әйелдердің бала сүюі таңғаларлық жағдай емес.

2005 жылы «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заң қабылданып, 2006 жылдан бастап туу көрсеткіші өсе бастады. 2003-2005 жылдары 1 мың адамға шаққанда 17-18 нәрестеден келсе, 2006-2007 жылдары бұл көрсеткіш 22-ге, 2008 жылы 23-ке жетті. Демографтар мен социологтар тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы «беби-бум» туралы хабарлады.

Алайда соңғы жылдары туу көрсеткіші азайып келеді. 2023 жылы 388,4 мың бала туса, 2024 жылы 365,9 мыңға түсті. 2025 жылы 335 мың шамасында болды. Дегенмен босанатын әйелдердің орташа жасы жоғарылап отыр. 2024 жылы ананың орташа жасы 29,8 жас болса, 2025 жылы 29,9 жасқа жетті. Ал 2025 жылы тұңғышын көрген әйелдің орташа жасы 25,3 жас болды.

Көп оқылғандар