Жайық news

Полиция қызметкерлері Оралдағы тонау кезінде көрсеткен ерлігі үшін марапатталды

Сурет: Жайық Пресс

Полиция қызметкерлері тонауға күдіктіні ұстау кезінде көрсеткен кәсібилігі мен ерлігі үшін ведомстволық наградаларға ие болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев Орал қалалық полиция басқармасының қызметкерлері — полиция капитаны Еркебұлан Жұмақашев пен полиция аға сержанты Берік Лұқпановқа «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгілерін табыс етті.

Еске салайық, оқиға 31 шілдеде Оралдағы дүкендердің бірінде болған. Бетперде киген ер адам сатушыға пышақ көрсетіп, кассадағы ақшаны алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қысқа мерзімде күдіктінің орнын анықтап, оны ұстады. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Марапаттау рәсімінде облыстық департамент басшысы полицейлердің қырағылығы мен жеделдігін ерекше атап өтіп, адал қызметі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Көп оқылғандар