Сурет: Жайық Пресс
Оралда 5517 әскери бөлімінің жаңа шақырылымдағы әскери қызметшілері Ұлттық ұланның қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндеттерін алғаш рет орындауға кірісті. Әскери ант қабылдап, бастапқы әскери дайындық курсын аяқтаған соң, жас гвардияшылар облыс орталығы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызметке кірісті.
Алғашқы дербес нарядтарға шығар алдында әскери қызметшілер тактикалық, атыс, саптық және арнайы пәндерді қамтитын кешенді дайындықтан өтті. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезіндегі қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын зерделеуге ерекше назар аударылды.
Мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгер Мирас Төлегеннің айтуынша, қызметке алғашқы шығу жас гвардияшылар үшін маңызды кезең болды.
«Бұл үлкен жауапкершілік әрі жоғары мәртебе. Біз қызметіміздің сапасына азаматтардың қауіпсіздігі байланысты екенін түсінеміз, сондықтан алға қойылған міндеттерді адал орындауға және командирлердің сенімін ақтауға дайынбыз», — деп атап өтті әскери қызметші.
Алдағы жыл ішінде жас гвардияшылар ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп Орал көшелерінде қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ кез келген оқиғаға жедел ден қояды. Олардың қызметі қала тұрғындарының қоғамдық қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етудің кешенді жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мазмұнға өту
