Сурет: Egemen Qazaqstan
Орал қаласында қызмет бабында қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған Құтқарушылар аллеясы салтанатты түрде ашылды. Бұл мемориалдық нысан азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау жолында құрбан болған төрт қызметкердің ерлігін мәңгілікке дәріптеуге арналған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ТЖД басшылығы мен қызметкерлері, ардагерлер, қаза тапқандардың туыстары және қала тұрғындары да болды.
Аллея Жарқын Фазылов, Ақан Нұрғалиев, Жангелді Сисеналиев және Ерлан Нұғманов есімді құтқарушылардың рухына тағзым ету үшін құрылған. Жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
ТЖМ басшысы қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, қолдау білдірді. Ол олардың ерлігі мен адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты. Жұбайларына гүл шоқтары, ал балаларына естелік сыйлықтар табысталды.
Аллеяда мемориалдық тақта, көгалдар, гүл композициялары, автоматты суару жүйесі және сәулеттік жарықтандыру орнатылған. Тұрғындар мен қонақтарға арналған демалыс орындары да жасақталған. Бұл орын құтқарушылардың ерлігін ұлықтап, олардың тарихын келер ұрпаққа жеткізеді.
Мазмұнға өту
