Жайық news

Оралда қоқыс сұрыптау кешені салынады

Сурет: Жайық Пресс

Оралда оңтүстіккореялық инвестор жылына 100 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салмақшы, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба құны 14,1 млрд теңге, ол 100 тұрақты жұмыс орнын ашып, өңірдегі маңызды экологиялық жобалардың біріне айналады. Облыс әкімі Нәріман Төреғалиев оңтүстіккореялық KOR Waste Management компаниясының өкілдері Чон Джон Ок және Ем Ки Хунмен кездесуде жобаның барысын талқылады.

Бастама өңірлік үйлестіру кеңесінің мақұлдауына ие болып, құрылысқа 25 гектар жер бөлінді. Нысан салынып жатқан кезеңде 50 уақытша жұмыс орны құрылады, ал кешен іске қосылғаннан кейін 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Кездесуде жобаны мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылды. Атап айтқанда, электр энергиясына шекті аукциондық бағаны қалыптастыру, инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеуге субсидия беру және «Жасыл даму» АҚ арқылы қолдау шаралары талқыланды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға қолданыстағы тарифтер коммуналдық кәсіпорындардың шығынын толық өтемейтіні атап өтілді.

Нәріман Төреғалиев қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін дамыту өңірдің экологиялық қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айтты. Оның тапсырмасы бойынша салалық басқарма тиісті министрлікпен бірлесіп тариф саясаты мен жобаның экономикалық тиімділігін пысықтайды.

– Егер мемлекет пен жеке бизнес әріптестігі сенім мен тұрақтылыққа құрылмаса, заңсыз полигондар саны өсіп, санитарлық жағдай нашарлай береді. Біз бұл экологиялық жобаны жан-жақты қолдауға дайынбыз. Оның өңірге де, инвесторларға да тиімді болуы маңызды, сондықтан тарифтерді, сондай-ақ жобаның кіріс және шығыс бөлігін мұқият пысықтау қажет. Әкімдік тарапынан барлық қажетті жұмыс жүргізіледі, – деп сендірді облыс әкімі.

Көп оқылғандар