Батыс Қазақстан облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Соның бірі – Орал қаласындағы КНС-29 кәріздік сорғы станциясын қайта жаңғырту жобасы.
КНС-29 2009 жылы пайдалануға берілген. Станция Зачаганск кентіндегі тұрғын аудандардан келетін тұрмыстық және құрамы соған жақын өндірістік ағынды суларды қабылдап, оларды қалалық тазарту құрылыстарына айдайды. Қазіргі уақытта нысан тәулігіне 14 736 текше метрге дейін ағынды суды өткізу мүмкіндігіне ие.
Ұзақ уақыт пайдаланылуына байланысты станцияның темірбетон конструкциялары тозған. Қорғаныш қабаты бұзылып, арматура ашылған, бірқатар жерлерде жарықтар мен басқа да ақаулар пайда болған. Бұл нысанды жаңғыртуды қажет етті.
Жоба аясында станцияның негізгі конструкцияларын қалпына келтіру және инженерлік инфрақұрылымын жаңарту көзделген. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 65 пайызы орындалды. Жұмыстарды «KCG» ЖШС жүргізуде.
Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд теңге. КНС-29 Орал қаласының шамамен 56 мың тұрғынын және 20 әлеуметтік нысанын кәріз қызметімен қамтамасыз етеді. Сондықтан станцияны жаңғырту қаланың инженерлік инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі маңызды жобалардың бірі.
Аймақта коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағытындағы жұмыстар бірнеше нысанда қатар жүргізілуде. Негізгі басымдық – тозған инженерлік желілерді жаңарту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту.
Мазмұнға өту
