Жайық news

Оралда инсульттен қайтыс болған науқастың ұлы ауруханадан 4 млн теңге өтемақы алды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Орал қаласында 58 жастағы ер адам инсульттен қайтыс болғаннан кейін оның ұлы аурухана мен дәрігерді сотқа беріп, моральдық өтемақы өндіріп алды. Сот медициналық көмектің уақтылы көрсетілмеуі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін төмендеткен деп шешті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Орал қаласының №2 соты азаматтық істі қарап, талап қоюшының пайдасына 4 млн теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Іс материалдарына сәйкес, марқұм бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген, бірақ медицина қызметкерлері оны мас деп болжап, қажетті тексерулер жүргізбеген. Сондай-ақ оның ағзасындағы алкоголь мөлшерін анықтау үшін зерттеу де жасалмаған.

Тек Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына шағым түскеннен кейін науқас ауруханаға жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған. Басталған емге қарамастан, ол келесі күні жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеріс барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Марқұмның ұлы әкесінің өліміне медицина қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі себеп болды деп есептеп, аурухана мен емдеуші дәрігерден моральдық зиянды өтеуді талап етіп сотқа жүгінген.

Сот ұсынылған дәлелдер мен істің мән-жайын зерделей келе, медициналық көмектің уақтылы көрсетілмеуі науқастың өмірін сақтап қалудың нақты мүмкіндігін азайтқан деген қорытындыға келді. Сондай-ақ әкесінен айырылған талап қоюшының ауыр моральдық күйзеліске ұшырағанын ескеріп, талапты ішінара қанағаттандырды. Нәтижесінде сот шешімімен ауруханадан талап қоюшының пайдасына 4 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.

Көп оқылғандар