Сурет: gov.kz
Орал қаласында мұздатылған ет өнімдерінің сәйкестігін растайтын құжаттардың жалған рәсімделгені анықталды. Өнімге берілген декларация Алматыдағы аккредиттелген зертханада жүргізілмеген сынақ хаттамасы негізінде тіркелген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп, азық-түлік өнімдерін «сұр» сертификаттау фактісін анықтады.
Тексеруге мұздатылған ет өнімдеріне жүргізілген бақылау сатып алуы негіз болған. Өнімдер Беларусь Республикасындағы сәйкестікті бағалау органында рәсімделген ЕАЭО сәйкестік декларациясымен бірге сатылған.
Құжаттарды зерделеу барысында декларация Алматыдағы аккредиттелген сынақ зертханасы берген деген хаттама негізінде тіркелгені анықталған. Алайда департамент зертханаға ресми сауал жолдап, құжаттың түпнұсқалығын тексерген.
Зертхана өкілдері аталған өнімге ешқандай сынақ жүргізілмегенін, ал көрсетілген сынақ хаттамасының мүлде рәсімделіп, берілмегенін растаған.
Осылайша, өнімнің қауіпсіздігі мен техникалық регламент талаптарына сәйкестігін дәлелдейтін құжаттар шын мәнінде жүргізілмеген сынаққа сүйеніп жасалған болып шықты.
Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында аталған сәйкестік декларациясының күші жойылды. Бұл туралы уәкілетті органға және техникалық реттеу саласындағы бақылау-қадағалау органдарына ақпарат жолданды.
Сонымен қатар сәйкестікті бағалау рәсімдерін жүргізу талаптарын бұзған өнім өндіруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мамандардың айтуынша, декларацияның арнайы тізілімде болуы өнімнің міндетті сынақтардан шын мәнінде өткенін әрдайым білдірмейді. Сондықтан сынақ хаттамаларының түпнұсқалығын және өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттардың толық тізбегін тексеру – «сұр» сертификаттауға қарсы күрестің маңызды тетіктерінің бірі.
Департамент алдағы уақытта да жалған немесе шынайылығы күмәнді сәйкестік құжаттарын анықтау және қажетті сынақтардан өтпеген өнімдердің нарыққа шығуына жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
Еске салайық, Қазақстан сиыр етін сыртқа шығаруды қатаң квотамен шектегені хабарланды.
Айта кетейік, бұған дейін шаруаларға сиыр етінің бағасын 3275 теңгеден асырмау міндеттелгенін хабарлаған едік.
Мазмұнға өту
