Сурет: Видеодан алынған кадр
Әлеуметтік желілерде Орал қаласындағы №5 мектептің жанындағы балалар алаңында мас күйдегі үш ер адамның бұралқы иттерді балалардың көзінше атып тастағаны туралы видео тарап жатыр. Видеода полиция қызметкері де көрінеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
NewTimes.kz мәліметінше, видеоға жазылған пікірде «полицейлердің әрекетсіздіктері осындай жағдайға әкеледі, егер балаларды атып тастаса не болар еді» делінген.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 12 шілдеде «102» қызметіне түскен хабарлама бойынша тіркелген. Орал қаласының тұрғынына қараусыз жүрген иттер шабуылдап, денесінің бірнеше жерінен тістеген.
«Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы жіберіліп, тиісті қызметтер келгенше қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, іс-қимылды үйлестірді. Зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетіліп, кейін Орал қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді», деп мәлімдеді полиция.
Полицияның айтуынша, кейін зардап шеккен азаматтың күйеу баласы қараусыз жануарларды аулаумен айналысатын ұйым мамандарын өз бетінше шақырған.
«Мамандандырылған ЖШС қызметкерлері арнайы ұйықтатқыш дротиктерді пайдаланып, жануарларды қозғалыссыз күйге түсіріп, кейін аулап әкетті», делінген хабарламада.
Полиция департаменті қараусыз жүрген жануарларды аулау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататынын еске салды.
Мазмұнға өту
