Жайық news

Оралда дәстүрлі «Тойбастар» фестивалі өтті

Оралда «Тойбастар–2026» этнофестивалі өткізілді. Оның аясында «Көшпенділер өркениеті: дәстүрлі қолөнер мен этнодизайннің халықаралық сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – көшпенділер өркениетінің бай мұрасын дәріптеу, креативті индустрия мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және мәдени-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру.

Дөңгелек үстелге қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев ұлттық мәдени мұраны сақтау мен шағын және орта бизнесті дамыту жолында дәстүрлі іс-шараның маңызын атап өтті. Фестиваль қонақтары – Түркі мемлекеттері әйел-кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, сондай-ақ облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова отандық қолөнерді халықаралық деңгейде таныту мен этнодизайн саласының әлеуеті туралы ойларын ортаға салды.

Фестивальге отандық шеберлермен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан арнайы келген қонақтар мен ресми өкілдер қатысты. Шетелдік сарапшылар ортақ мәдени құндылықтарды сақтау, трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту және ұлттық брендтерді әлемдік нарыққа бірлесе шығару жолдарын талқылады. Жергілікті және шетелдік шеберлердің көрмесі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері арасындағы халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар алдағы уақытта бірлескен халықаралық көрмелер, фестивальдер, шеберлік сабақтары мен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға берік негіз болмақ. Сонымен қатар тараптар бірлескен халықаралық платформа құру туралы қарар қабылдады.

Іс-шарада еліміздің рухани құндылықтарын дамытуға үлес қосқан бір топ шебер мен қонақтарға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Тұңғыш Президент атындағы алаңда концерттік бағдарлама мен қолөнер шеберлерлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Көп оқылғандар