Сурет: Egemen Qazaqstan
Қадыр Мырза Әлі атындағы орталықтың амфитеатрында өткен шара өңірдің туристік әлеуеті мен ұлттық мәдениетін, спорттық мұрасын көрсетті.
Бөкей Ордасының тарихи-мәдени мұрасы, Шалқар көлінің шипалы қасиеті және өңірдің басқа да көрікті жерлері туралы ақпарат ұсынылды. Ойын-сауық, танымдық бағдарламалар, балаларға ойындар ұйымдастырылды.
Фестивальде жергілікті туристік агенттіктер, аэроклуб, джип-тур ұйымдастырушылары, «Ақжайық», «Нұрберген» шипажайлары өз қызметін қалың көпшілікке жарнамалап, жаңа туристік бағыттар ұсынды.
Сол күні бірнеше айға созылған «Бабалар ізімен» облыстық ұлттық спорт лигасының жеңімпаздары марапатталды. Аударыспақтан – Жәнібек ауданы, құнан жарыстан – Қазталов ауданы, топ бәйгеден – Ақжайық ауданы, тоғызқұмалақтан – Орал қаласы, асық атудан – Шыңғырлау ауданы, бес асықтан – Қаратөбе ауданы, дәстүрлі садақ ату мен жамбы атудан – Орал қаласы, арқан тартыстан – Қазталов ауданы, көкпардан – Шыңғырлау ауданы, қазақ күресінен – Қаратөбе ауданы, теңге ілуден Орал қаласы командасы үздік шықты. Жалпыкомандалық есепте Сырым ауданы бірінші, Қаратөбе ауданы екінші, Ақжайық ауданы үшінші орын алды.

