Сурет: Жайық Пресс
Оралдағы жеке тұрғын үйден алтын әшекейлерді ұрлау дерегі анықталып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz-тің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 32 жастағы күдікті анықталып, ұсталған. Ол жәбірленушінің туысы болып шыққан. Ол үйге еркін кіру мүмкіндігін пайдаланып, екі рет жасырын түрде алтын бұйымдарды ұрлаған.
Бірінші ұрлық кезінде ұрланған әшекейлерді күдікті ломбардқа өткізіп үлгерген. Алайда екінші рет ұрлық жасаған соң, ол ұрланған мүлікке иелік ете алмай қалған — полиция қызметкерлері оны ұстаған. Қылмыстық іс бойынша барлық заттай айғақтар алынған.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 900 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жариялауға жатпайды.
Полиция құнды заттарды қолжетімді жерлерде қалдырмауға, бөгде адамдардың үйге кіруін шектеуге және мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға шақырады. Құқыққа қарсы әрекеттер анықталған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.
Мазмұнға өту
