тұрғындарға қолжетімді бағамен өнімдер ұсынылды
Бүгін М. Ихсанов көшесі бойында кезекті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара барысында Орал қаласы мен облыс аудандарының кәсіпкерлері өз өнімдерін төмендетілген бағамен көпшілік назарына ұсынды.
Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс, жеміс-жидек, сүт және шұжық өнімдерін, сондай-ақ бал өнімдерін нарықтағы бағадан әлдеқайда қолжетімді құнымен сатып алуға мүмкіндік алды. Әсіресе, көкөніс түрлері мол ассортиментте ұсынылды.
Мәселен, фермерлік шаруашылықтар картоп пен пиязды 100 теңгеден бастап, ал сәбіз бен капустаны 150 теңгеден саудалады. Мұнымен қатар, сатылымда жергілікті құс фабрикалары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмыртқалары, сондай-ақ тауық, үйрек және қаз еттері де болды.
Жергілікті атқарушы органдардың хабарлауынша, бұл бағыттағы жәрмеңкелер жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы саны 600 жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр.
