Жайық news

Омбыда Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталды

Сурет: Жайық Пресс

Омбыда Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталды. Оған екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Форум аясында Батыс Қазақстан және Самара облыстары алдағы үш жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжат экономика, өнеркәсіп, ветеринария салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді және бірлескен өндірістер құруды көздейді.

Қазақстан делегациясы құрамында облыс әкімі Нәріман Төреғалиев форум жұмысына қатысты. 20 жылдан астам уақыт бойы кезекпен Қазақстан мен Ресейде өтетін форум биыл көлік-логистикалық инфрақұрылымды, химия және өңдеу өнеркәсібін, су көлігін дамыту мәселелеріне арналды.

Бірінші күні Жастар форумы мен іскерлік бағдарлама өтті. Панельдік сессияларда қатысушылар логистикалық экожүйені дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, өнеркәсіптік кооперация және Қазақстан мен Ресей аймақтары арасындағы өндірістік байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Облыс үшін маңызды оқиғалардың бірі – Нәріман Төреғалиевтің Самара облысы үкіметі төрағасының орынбасары, экономикалық даму және инвестициялар министрі Павел Финкпен кездесуі. Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын қарастырды. Келіссөздердің басты нәтижесі – облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының Самара облысы үкіметі арасындағы келісімді іске асыру бойынша 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту. Құжат сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған және 2018 жылғы 5 қарашада қол қойылған келісімнің жалғасы болып табылады. Сондай-ақ кездесуде облыс аумағында электртехникалық жабдықтар өндіру бойынша бірлескен кәсіпорындар құру перспективалары талқыланды. Ветеринария саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форумның екінші күні Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті, онда өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту және екі мемлекеттің стратегиялық серіктестігін нығайтудың одан әрі бағыттары қаралды.

Форум қорытындылары өңіраралық ынтымақтастық қазақстан-ресей қатынастарын дамытудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала беретінін растады, ал қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен жобаларды іске асыру, инвестициялар тарту және Батыс Қазақстан облысының ресейлік аймақтармен экономикалық байланыстарын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Көп оқылғандар